Астана көзқарасы

Декларация

Декларация

Астана көзқарасы:
радиоактивті түнектен ядролық қарусыз әлемге қадам

2016 жылғы 29 тамызда Астанада Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және «Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жолындағы парламентшілер» ұйымы бірлесіп ұйымдастырған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясында қабылданды

1991 жылғы 29 тамызда, осыдан тура 25 жыл бұрын, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтарға қарсы азаматтық қоғам халықтық қозғалысының қолдауымен Семей ядролық сынақ полигонын жапты, бұл әлемдік қарусыздану тарихындағы алғашқы қадам болды.

Қазақстанның шығыс бөлігіндегі Семей сынақ полигонында Кеңес Одағы жүзеге асырған 456 ядролық жарылыс қоршаған ортаға, бүгінгі  және болашақ ұрпақтың денсаулығына алапат әсерін тигізді. Бүкіл әлемдегі, соның ішінде, Тынық Мұхитындағы, Азиядағы, Солтүстік Африкадағы және Солтүстік Америкадағы ядролық сынақтардың салдары, Хиросима мен Нагасакиді атомдық бомбалау, сондай-ақ ядролық қаруды байқаусыз немесе қате қолдану қатері осы қаруды жоюға бағытталған жаһандық талапты тудыруда.

Біз көлемі жөнінен әлемде төртінші орындағы ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан, Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шартқа қосылған, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрудағы, әлемді ядролық сынақтардың қаупі мен ұзақ мерзімді салдары туралы ақпараттандыру жөніндегі АТОМ жобасын іске қосудағы, Біріккен Ұлттар Ұйымының 29-тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп белгілеудегі, 2015 жылы БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдаудағы және соғыс вирусын жою үшін «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесін ілгерілетудегі Президент Н. Назарбаевтың және Қазақстан халқының көшбасшылығын жоғары бағалаймыз.

Біз Манифесте көрініс тапқан, 2045 жылы БҰҰ-ның 100-жылдық мерейтойына қарай қол жеткізу көзделген ядролық қарусыз әлем адамзаттың ХХІ ғасырдағы негізгі мақсатына айналуы тиіс деген талапты қолдаймыз.

Біз әлемдік лидерлердің іс-қимылдарын, атап айтқанда Ядролық қауіпсіздік саммиттерінде қабылдаған шараларын, сондай-ақ ядролық қарудың немесе оның құрамдас бөліктерінің террористердің қолына түсуін болдырмау жолында жүзеге асырған басқа да халықаралық іс-қимылдарын қолдаймыз. Дегенмен, әлемдік лидерлер ядролық қарусыздануға аса жоғары басымдық беру жолында Президент Н. Назарбаевқа қосылғандары жөн.

Біз Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының ядролық қаруды сынауды жалғастыруын айыптаймыз және барлық ядролық мемлекеттердің ядролық қаруды жетілдіруді жалғастырып отырғанына алаңдаушылық білдіреміз. Бұл мемлекеттер арасындағы жағдайдың ушығуының артып отыруына байланысты байқаусыз немесе қасақана әскери инцидент әлемді алапат ядролық қарсыластыққа соқтыруы мүмкін.

Біз жаһандық деңгейде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үдерісін одан әрі ілгерілету, сондай-ақ тиісті заңнамалық актілерді қабылдау бойынша бүкіл әлемдегі заңнамалық органдар мен заң шығарушылардың айрықша жауапкершіліктеріне баса назар аударамыз.

Біз Қазақстан халқын Қазақстанның 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануымен құттықтаймыз. Біз ядролық қарудың таралуын болдырмау, бейбітшілік пен ядролық қарусыз әлем қауіпсіздігін ілгерілету бойынша Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің басқа да мүшелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтініне сенімдіміз.

Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындайтын ядролық қаруды таратпау және қарусыздануға қосқан елеулі үлесі үшін Халықаралық сыйлық туралы ұсынысты қолдаймыз. 2016 жылы қараша айында Астана Бейбітшілік саммитін өткізу туралы ұсынысты қолдаймыз.

Біз – парламентшілер, діни лидерлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері, оқытушылар, ғалымдар, медицина қызметкерлері, заңгерлер, азаматтық қоғам, соның ішінде жастар қауымының өкілдері, үкіметтерді:

  1. Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қоймаған және ратификацияламаған жағдайда, әсіресе, ядролық мемлекеттерді оны жүзеге асыруға шақырамыз, бұл Семей сынақ полигоны жабылуының
    25-жылдығы және Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қоюға ашылуының 20-жылдығында өткізіліп отырған осы Конференцияның мән-маңызын айқындай түседі;
  2. 2010 жылы қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына және 1996 жылы БҰҰ-ның Халықаралық соты бекіткен Толық ядролық қарусыздануға арналған келіссөздер бойынша жаппай міндеттемелерге сәйкес келіссөздер мен нысаналы пікірталастарға бастамашылық жасауға;
  3. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты қарау және оның қолданысын ұзарту жөніндегі 1995 жылғы конференцияда қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Таяу Шығыста ядролық қарудан және басқа да жаппай қырып-жою қаруынан азат аймақ құруға және БҰҰ Бас Хатшылығын осы шешімнің іске асырылуын қамтамасыз етуге шақырамыз; сонымен қатар Солтүстік-Шығыс Азияда, Еуропада және Арктикада ядролық қарудан азат қосымша аймақтар құруға;
  4. Барлық ядролық күштерді жоғары жедел дайындық режимінен шығару, ядролық қаруды бірінші болып қолданбау және ядролық қаруды қолданудың кез келген қатерінен бас тарту арқылы ядролық қаруды қолдану тәуекелдерін азайтуға;
  5. «Ядролық қарудың нөлдік деңгейіне» қол жеткізу саласындағы шарттар мен қарапайым құқықтар бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындауға;
  6. 2017 жылы ядролық қаруға тыйым салу мен оны жою жөніндегі көпжақты келіссөздерді бастауға;
  7. Ядролық қаруға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аралық шараларын, оның ішінде ядролық сынақтарға және халық қоныстанған аудандарды ядролық соққылардың нысанасы ретінде таңдап алуға тыйым салу жөніндегі шараларды қолдауға;
  8. Жаһандық ядролық қарусыздануды қамтамасыз етуді верификациялау әдістері мен тетіктерін Ядролық қарусыздануды верификациялау жөніндегі халықаралық әріптестік арқылы дамытуды жалғастыруға;
  9. Қауіпсіздік доктриналарынан ядролық қаруды тежеу есептерін алып тастауға және оның орнына халықаралық жанжалдарды дипломатия, құқық, өңірлік тетіктер, БҰҰ және басқа да бейбіт құралдар арқылы шешуге;
  10. Жедел түрде және толығымен жою мақсатында барлық ядролық мемлекеттерден ядролық қару арсеналдарын Біріккен Ұлттар Ұйымының 100-жылдық мерейтойынан кешіктірмей түбегейлі қысқартуға шақырамыз.

Біз ядролық қаруды түбегейлі  жою үшін үкіметтерді қолдауға және олармен ынтымақтастық жасауға дайынбыз. Осы халықаралық іс-шара шеңберіндегі әртүрлі сала өкілдерінің арасындағы ынтымақтастық ядролық қарусыздануды ілгерілету жөніндегі жаһандық қозғалысты құруға арналған платформаны ұсынады.

Барша адамзаттың болашағы үшін терең алаңдаушылық танытып, және Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы үлгісін өнеге тұта отырып, біздің буынымыз өмір сүріп отырған кезеңде ядролық қарудан азат планетамызда бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізудің келешегі мен қажеттігі туралы салтанатты түрде мәлімдейміз.